Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында Көкшетау қаласы №6 мектеп-лицейінің 80 жылдық мерейтойына және Тәуелсіздік күніне арналған «Ұлттық киімдер – халық қазынасы» атты салтанатты іс-шара өтті. 2022 жылғы «Ұлттық киімдер – халық қазынасы» байқауының бас жүлдегері, 11 сынып оқушысы, Баетова Дильнара қазақтың салт-дәстүрінің бірі шашумен іс-шараның шымылдығын ашты.
Іс-шараның мақсаты – атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық киімдерді дәріптеу, дәстүрлі ұлттық мәдениет негізінде өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыру. Қазақтың ұлттық киімдері өзге халықтарға ұксамайтын өзіндік ерекшеліктерімен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасқан. Қазақы киімнің бойында халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі жатыр.
Байқауға қатысушылар арасында мектеп оқушылары ғана емес, педагогтар да болды. Бастауыш сынып мұғалімі – Айман Максатовна Альжанова, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі – Мадина Арманқызы Қадырбек, бастауыш сынып мұғалімі – Сабина Юрьевна Кушнир, ағылшын тілі мұғалімдері – Риза Еркінқызы Жаргөлбай және Еркежан Мырзабековна Қомар. 8-11 сынып оқушылары: 8 сынып оқушысы – Айханым Иманбаева, 9 сынып оқушысы – Айғаным Хуанған, 11 сынып оқушылары – Адия Ужарова, Жанель Атеева, Дариға Нағманова. Барлық қатысушылар заманауи үлгідегі ұлттық киімдерін көрсетіп, киім үлгілерін қазақ тілінде қорғады. Бағалау 5 балдық жүйе бойынша жүргізілді. Мұғалімдер мен оқушылар бөлек бағаланды. Байқауға қатысушыларға қойылған талаптар: сахнада өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәдениеті, киімнің үйлесімділігі, эстетикалық талапқа сай болуы.
Кеш қонақтары, әрі қатысушы қыздарға әділ бағасын берген әділқазылар алқасының мүшелері – балалар көркемөнер мектебінің директоры Юлия Желобкова, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының қоғамдық даму орталығының бас маманы Сая Беккажанова, «Бүгінгі Көкшетау» газетінің корреспонденті, ақын Бахыт Мухамедрахимова.
Салтанатты іс-шарада музыка мұғалімдері Ержан Есимов пен Ұлжан Базарова, мектеп оқушылары Нармина Ғазис, Салидат Каирлинова, Айғаным Хуанған, Айханым Иманбаева, Дильнара Баетова, Альмира Есемсеитова ән шырқап, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. 7 сынып оқушысы Тілек Ғалымжанұлы мен 9 сынып оқушысы Бейбіт Ислам күй орындап, көрермендерді тебірентті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша орындар келесідей бөлінді. Мұғалімдер арасында бас жүлдені Айман Альжанова, 1 орынды Сабина Кушнир, 2 орынды Мадина Қадырбек пен Риза Жаргөлбай, 3 орынды Еркежан Қомар иеленді. Оқушылар арасында бас жүлдеге Атеева Жанель, 1 орынға Ужарова Адия, 2 орынға Айханым Иманбаева мен Айғаным Хуанған, 3 орын Дариға Нағманова ие болды.
Бас жүлде иегерлері шығыс стилінде жасалған диадемалар мен естелік ленталар алды. Байқаудың барлық қатысушылары диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараның демеушілері – қалалық мәслихат депутаты Фаим Джумабеков және «Қазақстан инновациялары» қоғамдық қорының төрайымы Мариям Абишева.
№6 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Мадина Қадырбек